Павлодар облысында екі ірі қара жүк пойызының астына түсті
Теміржол көлігі жоспарланбаған 33 минутқа тоқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысының Май-Жұмыскер және Жұмыскер-Көктөбе аралықтарында бірден екі осындай жағдай орын алған. Екі ірі қара мал жолаушылар және жүк пойыздарының астына түскен.
– Өткен демалыс күндері департаменттің қызмет көрсету аумағында пойыздар шұғыл тежеуді қолданып, үй жануарларын қағып кетудің 5 фактісі тіркелді. Осыған ұқсас жағдай Абай облысының Суықбұлақ-РЗД-6 аралығында да орын алды. Жүк пойызының машинисі екі ірі қара малдың теміржол төсемінде болуына байланысты шұғыл тежеуді қолдануына тура келді, – деп жазылған хабарламада.
Мал иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК 559-бабы, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, Қарағанды облысының Қызылжар-Жеңіс аралығында үш жылқы, ал Шымкент станциясында үш ұсақ мал жүк пойызының астына түскен. Пойыздардың тұрағы екі жағдайда да 11 минутты құрады.
Аталған фактілер бойынша да үй жануарларының иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Көлік полицейлері тұрғындарға теміржол маңында үй жануарларын жаю кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін тағы да еске салады.