Павлодар облысында Ертіс жайылмасындағы өрт оқшауланды
Тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Төтеншеліктерге 13 қыркүйек күні Ертіс өзенінің жайылмасында құрғақ шөптің жануы туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, Заря және Новоямышево ауылдарындағы «Ауыл құтқарушылары» бекеттерінің қызметкерлері, сондай-ақ Павлодар облысының ормандар мен жануарларды қорғау мекемесінің күштері жұмылдырылды.
— Қазіргі уақытта екі бөлек ошақта орын алған өрт оқшауланды. Жанған аумақтың жалпы көлемі шамамен 40 гектарды құрайды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 33 адам және 11 бірлік техника тартылған, - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда өртті сөндіру және оның одан әрі таралуына жол бермеу бойынша жұмыстар жалғасуда.