Павлодар облысында голоцен дәуірін зерттеуге британдық ғалымдар келді
Ғалымдар Бөрлі көлінен түптік шөгінділердің сынамаларын алуды көздеп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандық Ертіс өңірінің кейінгі қола дәуірі» жобасы және European Research Council DREAM (UCL) «Голоцен дәуіріндегі климаттық ауытқулар динамикасын зерттеу» халықаралық жобасы шеңберінде британдық ғалымдар келді. Олар Торайғыров университетімен бірлескен ғылыми зерттеу жұмысын жүргізбек.
Осы мақсатта Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық зерттеулер орталығына PhD Ребекка Робертс – University College London және University of Cambridge (Макдональд атындағы Археологиялық зерттеулер институты) ғылыми қызметкері арнайы келді. Бұл сапар қазақстандық ғылыми орталықтар мен Ұлыбританияның жетекші зерттеу мектептері арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы маңызды қадамның басы болмақ.
Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – Павлодар облысы Аққулы ауданындағы Бөрлі көлінен түптік шөгінділердің сынамаларын алу. Ғалымдар алынған үлгілер голоцен дәуіріндегі климаттық ауытқулар динамикасын қайта құрып, олардың ежелгі қауымның тіршілік ету жүйелеріне әсерін анықтауға мүмкіндік беретініне сенімді.