Соңғы жылдары Екібастұзда ауа айтарлықтай тазара түсті
2018 жылы ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Орталық Азия климаттық қорының мәліметінше, Қазақстандағы ең ірі жылу электр станциясы – ГРЭС-1, әлемдегі ең үлкен көмір кеніші – «Богатырь», және басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан Екібастұз қаласында соңғы жылдары ауа айтарлықтай тазара түсті. Соңғы 10 жылдың 8-де қаладағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі төмен деп бағаланған, тек 2015 жылы жоғарылаған, ал 2018 жылы жоғары деңгей тіркелген. Екібастұз қаласы Павлодар облысының батысында, Қазақ ұсақшоқылығында орналасқан, климаты – күрт континенттік. Қала халқы шамамен 130 мың адамды құрайды. Қаланың негізгі өнеркәсіп саласы – көмір өнеркәсібі. Шаһарда «Богатырь Комир» ЖШС, «Шығыс» кеніші (Еуразиялық энергетикалық корпорация АҚ), «Майкубен-Вест» ЖШС, «Гамма» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар.
Сондай-ақ, қалада электр энергетикасы саласы жақсы дамыған, оған қуатты ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Екібастұз жылу электр орталығы кіреді. Бұдан бөлек, Екібастұзда машина жасау, металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және ферроқорытпа шығару салалары бойынша да кәсіпорындар жұмыс істейді.
Жергілікті көмірдің күл мөлшерінің жоғары болуы және ГРЭС пен ЖЭО-дағы газ тазалау жүйелерінің жеткіліксіз тиімділігі ауаға зиянды заттардың айтарлықтай шығарындыларына әкеледі. Ашық деректерге сәйкес, бұл шығарындылар Павлодар облысындағы жалпы көлемнің 45,8%-ын құрайды, оның 94%-ы екі электр станциясына тиесілі.
Екібастұз қаласында атмосфералық ауа сапасына 2 тұрақты бақылау бекетінде мониторинг жүргізілед. Бір бекетте ауа сынамалары тәулігіне үш рет қолмен алынады. Ол келесі 4 көрсеткіш бойынша талданады: азот диоксиді, күкірт диоксиді, азот тотығы, көміртек тотығы. Басқа автоматтандырылған бекетте осы 4 көрсеткіш бойынша деректер әр 20 минут сайын тіркеледі: азот диоксиді, күкірт диоксиді, азот тотығы, көміртек тотығы.
Ауаның сапасы атмосфераның ластану индексі арқылы бағаланады – бұл көрсеткіш бірнеше негізгі ластаушы заттардың концентрациясын және олардың адам денсаулығына әсерін ескереді. Индекс орташа тәуліктік немесе жылдық концентрацияларды пайдаланып, созылмалы ластану деңгейін анықтайды.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, 2015 жылы атмосфераның ластану индексі жоғарылаған (атмосфераның ластану индексі – 5,1), 2018 жылы жоғары (атмосфераның ластану индексі – 7,2), ал 2016–2017 және 2019–2024 жылдары төмен (атмосфераның ластану индексі – 1,0–2,0) деңгейде болған.
Сонымен қатар, 2023 жылы бақылау бекеттерінде зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясын 41 жағдайда, ал 2024 жылы 247 жағдайда асып кету фактілері тіркелді. Ластаушы заттардың негізгі үлесін көміртек тотығы, азот оксидтері, күкірт диоксиді және шаң бөлшектері құрайды.