Павлодар облысында күннің аптап ыстығынан бұзылған жол қалпына келтірілді

Павлодар облысында күннің аптап ыстығынан бұзылған жол қалпына келтірілді
Фото:«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі

Жол жабыны ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – РФ шекарасы (Қосақ өткізу пункті)» автожолының 1265 шақырымында пайда болған ақау бір тәулікке жетпей жойылды.

Жолшылар учаскедегі цементбетон жабынының көтеріліп кетуіне байланысты шұғыл шаралар қабылдап, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізді.

Жөндеу жұмыстары барысында ақау пайда болған цементбетон жабыны жөнделіп, 20 м3 көлемде қиыршық тасты қоспадан негіздің үстіңгі қабаты орнатылып, 90 м2 ауданда ыстық асфальтбетон қоспадан жаңа жол жабыны төселді.

Естеріңізге сала кетейік, 12 маусымда аталмыш жол учаскесінде ауа температурасының күрт жоғарылауына байланысты (+33...+35 °C)  цементбетон жабынының плиталары көтеріліп кеткен болатын.

Жол қызметі мамандарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде қысқа уақытта жол жабыны қалыпқа келтірілді.