Павлодар облысында күзгі аңшылық маусымы қашан ашылады

Павлодар облысында күзгі аңшылық маусымы қашан ашылады
Фото: pexels.com / Tima Miroshnichenko

Өңірде отыздан астам аңшылық шаруашылық бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, 30 тамыздан бастап өңірде жабайы жануарларға күзгі аңшылық маусымы басталады.

– Қаз, үйрек, қасқалдаққа 30 тамыздан 30 қарашаға дейін аң аулауға болады. Шілге – 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін. Құрға – 6 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін (аңшылар иттермен және бүркіттермен аң аулауды 15 тамыздан бастай алады). Борсыққа – 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін. Суырға – 15 маусымнан қыстау кезеңіне дейін. Қабанға – 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін. Сібір елігіне – еркектеріне 15 шілдеден бастап, ал ұрғашылары мен жас төлдеріне 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген, – делінген хабарламада.

Облыстағы 36 аңшылық шаруашылықтың ішінде күзгі аңшылық маусымы 31 аңшылық шаруашылықта рұқсат етілген. Ақтоғай ауданында – «Разумовское», «Ивановское»; Железин ауданында – «Зеленая роща», «Захаровское», «Озерное», «Березовское»; Баянауылда – «Южное», «Баянауыл», «Ұзынбұлақ», «Жаңа Жол»; Май ауданында – «Майское», «Бестау»; Павлодарда «Черноречное», «Ольгинка», «Заңғар», «Маралды»; Ақсуда – «Ақсу», «Қызылжар»; Екібастұзда – «Зеленая роща», «Екібастұз», «Бозкөл»; Қашырда – «Трофимовское», «Львовское», «Қашыр»; Ертісте – «Панфиловское», «Ертіс», «Сілеті», «Қызылқақ», «Жарбұлақ»; Успенде - «Лозовское», «Павловское» шаруашылықтарында аң аулауға болады. 

Күзгі аңшылық бес аңшылық шаруашылықта жабық, олар: Ақтоғай ауданындағы «Ертіс», «Жамбыл», Баянауылдағы «Майқайың», Аққулы ауданындағы «Аққу» және Шарбақты ауданындағы «Шарбақты».

– Қазақстан Республикасының аңшылық қағидаларына сәйкес, аңшылықты жүзеге асыру үшін аңшыда аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы немесе жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат, атыс қаруын сақтау және тасымалдау рұқсаты, сондай-ақ қажет болған жағдайда аушы құс паспорты болуы керек. 15 шілдеден бастап тұяқты жануарларға, соның ішінде сібір елігінің еркектеріне аң аулауға рұқсат берілді. Елік пен қабанға аңшылық тек аңшылық шаруашылығы ұйымының қорықшысының қатысуымен жүргізіледі, – деп атап өтті ведомствода.

Аңшылыққа тыйым салынған аумақтарға «Қызыл-Тау» мемлекеттік қорықшасы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман қорығы, «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік қорықшасы, резервтік аңшылық алқаптары, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері, егін жинау аяқталғанға дейінгі ауыл шаруашылық дақылдары егілген жерлер және елді мекендерге іргелес, аңшылық атыс қаруын қолдану қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейтін аумақтар кіреді.

Аңшылық кезеңінде аңшылық алқаптарын патрульдеу күшейтіледі. Заңсыз аң аулағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Айта кетейік, аңшылық жолдамаларын алуға болатын орындар мынадай: «Заңғар», «Маралды», «Ольгинка», «Черноречное», «Разумовское», «Ивановское», «Зеленая роща», «Озерное», «Захаровское», «Бестау», «Майское», «Баянауыл», «Ұзынбұлақ», «Жаңа жол», «Южное», «Бозкөл», «Екібастұз», «Ақсу» аңшылық шаруашылықтары үшін Павлодар қаласы, Толстой көшесі, 24А мекенжайындағы Павлодар аңшылар мен балықшылар қоғамының ғимаратынан алуға болады.

«Панфиловское», «Сілеті», «Ертіс», «Қызылқақ», «Жарбұлақ», «Львовское», «Қашыр», «Трофимовское», «Березовское» аңшылық шаруашылықтарының жолдамалары Академик Бектұров көшесі, 115 мекенжайындағы «Сайга» дүкенінен сатылады.

«Павловское» аңшылық шаруашылығының жолдамаларын Павлодар қаласы, Сәтбаев көшесі, 46 мекенжайындағы кеңседен алуға болады. «Лозовское» аңшылық шаруашылығы үшін Торайғыров көшесі, 87 мекенжайындағы «Арсенал» дүкеніне бару қажет. «Қызылжар» аңшылық шаруашылығының жолдамалары Павлодар қаласы, Торайғыров көшесі, 28/1 мекенжайында сатылады.

Жолдамалардың құны: маусымдық (бүкіл маусымға) – 12-ден 15,5 мың теңгеге дейін; бір реттік (бір реттік аң аулауға) – 7-ден 7,5 мың теңгеге дейін.