Павлодар облысында кәмелетке толмаған екі қызды зорлаған ер адам сотталды
Прокурор айыпталушыны 24 жылға қамауды сұраған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, жабық сот талқылауында кәмелетке толмаған екі қызға күш қолдану арқылы зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
– Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша айыпталушыны 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Іс бойынша жәбірленушілер жаза тағайындау бөлігінде мемлекеттік айыптаушыны толық қолдады. Алайда сотталушы кінәсін мойындамады, – дейді баспасөз қызметінде.
Қылмыскердің кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, іс бойынша жүргізілген сараптамалармен және сотта зерттелген басқа да айғақтармен дәлелденді. Жасалған әрекет үшін заңмен 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза көзделген.
Сот қылмыстардың жиынтығы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеумен 22 жылға бас бостандығынан айыру жасазын тағайындады.
Сондай-ақ, сотталушы өмір бойы педагогикалық лауазымдар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.