Павлодар облысында кәсіпкерлердің көбі азық-түлік өндірісі кәсібін қолға алған
Өңірде жыл басынан бері 250-ге жуық кәсіпкерге «Damu» қоры арқылы қолдау көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– «Даму» қорының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі негізгі құралдары – пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несие бойынша ішінара кепілдік беру және екінші деңгейдегі банктер арқылы жеңілдетілген несие беру. Ұйымның Қазақстанның 20 облысында, Астана және Алматы қалаларында өңірлік филиалдары бар, – дейді «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры қызметкері Әсем Смағұлова.
Оның айтуынша, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің кәсіпкерлерін қолдау бағыты бойынша жалпы несие сомасы 19,6 миллиард теңгеге 247 жобаға қолдау көрсетілді.
Өңдеу өнеркәсібі саласында азық-түлік өндірісі көш басып тұр. Кәсіпкерлердің 22% осы саланы таңдаған. Жобалардың 49 пайызы –Павлодар қаласында, 40 пайызы – Ақсу, Екібастұз қалаларында, 11 пайызы – ауылдық елді мекендерде.
Айта кетейік, «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры – «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің құрылымына кіретін мемлекеттік даму институты. Қордың мақсаты Қазақстанда микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылады.