Павлодар облысында ХҚКО-ға онлайн жазылу мүмкіндігі пайда болды
                                    Пилоттық кезең аяқталған соң жоба облыстың өзге өңірлеріне де енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдің Баянауыл және Тереңкөл аудандарындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) онлайн кезекке талон брондау бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, жоба 5 қарашадан 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. Мақсаты – азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту.
Алдын ала брондау екі тәсілмен қолжетімді:
- «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы қолданбада авторизациядан өтіп, филиал мен қажетті бөлімді таңдап, ыңғайлы күн мен уақытты белгілеу қажет. Брондау растамасы 1414 нөмірінен SMS түрінде жіберіледі;
 - Электрондық үкімет (eGov) порталы арқылы – ЭЦҚ немесе өзге сәйкестендіру құралдары арқылы жүйеге кіріп, филиал мен бөлімді таңдап, баруға ыңғайлы уақытты көрсетуге болады.
 
Айта кетейік, дайын құжаттарды беру секторы мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында талон беру бұрынғы тәртіпте, алдын ала брондаусыз жүзеге асырылады.
Пилоттық мерзім аяқталғаннан кейін Павлодар облысының басқа қала және аудандарында бірыңғай электронды кезек жүйесін енгізу туралы қосымша хабарланатын болады.