Павлодар облысында кондиционер сатып алған тұрғын сотта 100 мың теңге өндірді
Сатушы құрылғыны 10 теңгеге орнатуға уәде беріп, кейін қосымша ақы талап еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, жарнамалық акция шарттарына қатысты дау сотта қаралып, сатып алушының пайдасына шешілді.
Биыл маусым айында тұрғын 144 990 теңгеге кондиционер сатып алған. Жарнамада құрылғыны орнату құны 71 мың теңгеден 10 теңгеге дейін төмендетілгені көрсетілген. Монтаждау қызметі сыйлық ретінде ұсынылып, қосымша шығын болмайтыны хабарланған. Алайда тауарды сатып алғаннан кейін сатушы өнеркәсіптік альпинистің қызметі мен терезенің шыны пакетін шешу үшін бөлек ақы төлеу қажеттігін айтқан. Оның түсіндіруінше, бұл жұмыстар стандартты орнату қызметіне кірмейді.
Тұрғын мұндай шарттармен келіспей, сатушыға наразылық білдіргенімен, талабы қанағаттандырылмаған. Ақырында басқа маман жалдап, кондиционерді орнатуға 70 мың теңге жұмсаған. Дауды сотқа дейін шешу мүмкін болмаған соң сатып алушы сотқа жүгінді. Істі қарауға облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары да қатысып, оның талабын қолдады.
– Сот барысында қосымша төлемдер мен акция шектеулері туралы ақпарат тұтынушыға сатып алу кезінде жеткілікті түсіндірілмегені анықталды. Оның үстіне басқа маман кондиционерді шыны пакетті шешпей және өнеркәсіптік альпинистің көмегінсіз орнатқан. Нәтижесінде сот сатушының жарнамалық акция шарттарын орындаудан бас тартуын заңсыз деп таныды. Тұтынушының пайдасына 100 мың теңге өндіру туралы шешім шығарылды. Оның 70 мың теңгесі құрылғыны орнатуға кеткен шығынды өтеуге, қалған 30 мың теңгесі моральдық зиянның өтемақысына бөлінді, – деді ведомствода.
Департамент өкілдері сатушылар жарнамалық акциялардың барлық шарттары мен ықтимал қосымша шығындар туралы сатып алушыларға алдын ала толық ақпарат беруге міндетті екенін ескертеді. Құқықтары бұзылған тұрғындар e-Otinish жүйесі арқылы өтініш жолдай алады немесе 8 (7182) 55-10-70 сенім телефонына хабарласа алады.