Павлодарлық табиғат қорғаушылары: «Сары жәшіктер өте аз қалған»
Экожиында пластикті жинау мен өңдеудің басқа да мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл ел» штабы монтаж колледжі мен Әлкей Марғұлан атындағы университет студенттерімен дөңгелек үстел өткізді. Жастарға пластикті жинап, қайта өңдеудің маңыздылығы айтылып, оның қай түрлерін қайта өңдеуге болмайтындығы түсіндірілді.
Әңгіме барысында еріктілердің бірі сары қоқыс жәшіктері мәселесін көтерді. Студенттер байқағандай, әр аулада тұрған жәшіктердің саны азайды.
– Қазір сары жәшіктерден дым қалмаған. Оларды Усолка шағын ауданында және басқа да бірнеше ауладан ғана көруге болады, – деп атап өтті «Жасыл ел» штабының командирі Арина Краскова. – Жәшіктерді қоя бастағанда, адамдар ызаланды. Адамдар қоқысты бір дорбаға салып, лақтыру ыңғайлы болып көреді. Қазір экологиялық мәселелерге байыпты қарау қиынға соғады. Сондықтан біздің міндетіміз – адамдарды қоқыстарды бөлу қажеттілігіне сендірудің жаңа жолдарын ойлап табу.
Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше топтарға бөлініп, «Менің қоршаған ортаға қосқан үлесім» тақырыбына жобаларды қорғаған.
– Біз сенбіліктерді өткізіп қана қоймай, жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Біздің активистер тыңайтқыш ретінде ағаш жапырақтарын пайдалану идеясын алға тартты, – деп қосты Арина Краскова.
Оның айтуынша, штаб қызықты эко-идеяларды әзірлеуге көмектесіп, оларды одан әрі жүзеге асыруға бағыттайды.
Қазіргі уақытта «Жасыл ел» пластик қақпақтар мен бөтелкелерді жинап, қайта өңдеуге жіберуде.