Павлодар облысында көлік логистикасы жаңғыру жолында

Павлодар облысында көлік логистикасы жаңғыру жолында
Фото: Валерий Бугаев

Өңір басшысы, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері Президенттің жолдауын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында Павлодар облысында ауқымды жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, энергетика кешенін кеңейту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, сондай-ақ құрылыс саласын цифрландыру бағыттарын қамтиды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжиновтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде көлік саласын жаңғырту бойынша нақты жобалар қолға алынған.

– Бүгінгі күні Ақсу-1 – Дегелен – Жаңа-Семей теміржол учаскесінде автоматты блоктау жүйесін енгізе отырып, 352 шақырым жолды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның жалпы құны – 58 миллиард теңге. Жұмыстар келесі жылы аяқталады, – деді өңір басшысының бірінші орынбасары.

Теміржол жөндеу жұмыстарының ішінде келер жылы ұзындығы отыз бес километр болатын жолды күрделі жөндеу де жоспарланған.

Әуе көлігі саласында да ілгерілеу бар. Қазіргі таңда қолданыстағы ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2027 жылы қосымша 8,6 миллиард теңгеге ұшу-қону жолағын бес жүз метрге дейін ұзарту көзделген.

– Әуежайдың өткізу қабілетін арттыру мақсатында 2027-2028 жылдары терминалды кеңейту және жолаушылар ағынын сағатына екі жүзден төрт жүз адамға дейін жеткізу жобасы жүзеге асырылады. Бұл – болашақта халықаралық әуе хабын қалыптастырудың алғашқы қадамы», – деп атап өтті Серік Батырғұжинов.

Автомобиль жолдары бойынша да биыл қырық бес миллиард теңгеге 125 жоба аясында 590 километр жол жөнделуде. Келесі жылы жүз елу бес километр республикалық жолға жиырма үш миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінеді.

Сонымен қатар, Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы басталды. Құны – 72 миллиард теңге. Жоба 2027 жылы аяқталады.

Облыс – еліміздің энергетика орталығы. Қазіргі таңда Қазақстандағы жалпы электр энергиясының 40 пайыздан астамын өндіріп отыр. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары 60 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.

– Екібастұз МАЭС-2 станциясында қуаттылығы 550 МВт болатын №3 және №4 энергоблоктар салынып жатыр. Үшінші блок – 2028 жылы, төртіншісі– 2030 жылы іске қосылады. Жалпы инвестиция көлемі – бір триллион теңгеден астам», – деді Серік Батырғұжинов.

Сондай-ақ, Ақсу МАЭС-інде жетінші энергоблок жаңғыртылып, қуаты 325 МВт-қа дейін артады. Келешекте қуаты 2640 МВт болатын Екібастұз ГРЭС-3 станциясын салу көзделген. Жоба «таза көмір» технологиясы негізінде әзірленуде.

Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап Екібастұз маңында қуаты бес жүз МВт болатын жел электр станциясы салынады. Жоба екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – келесі жылы, екінші кезең – 2027 жылы. Инвестиция көлемі – сексен миллиард теңге.

Облыс бойынша 2029 жылға дейін «Модернизация энергетикалық және коммуналдық секторы» ұлттық жобасы аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жоспарланған.

– Тек осы жылы облысымыз елімізде алғашқылардың бірі болып Қаржы министрлігімен облигациялық келісімге қол қойып, тоғыз миллиардтан астам теңгеге ТМ-20А жылу магистралін салуға қаржы алды», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Қазіргі таңда барлық құрылыс процестері eQurylys, eLicense секілді платформаларға интеграцияланып жатыр. Қаладағы алты жүз және 1200 орындық екі мектептің құрылысында бұл платформалар сәтті қолданылды.

– Бұл жүйелер құрылыс процестерін ашық, тиімді әрі жедел етуге мүмкіндік береді. Болашақта салалық ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы бірыңғай құрылыс порталын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Өңірде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар – Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басым бағыттардың нақты іске асырылып жатқанын көрсетеді. Өңір экономикасын жаңа деңгейге шығару, энергетикалық тәуелсіздік, көлік-логистикалық тиімділік және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты мақсат.