Павлодар облысында Мүбарак Жаманбалиновтың шығармашылығы насихатталды

Павлодар облысында Мүбарак Жаманбалиновтың шығармашылығы насихатталды
Фото: аудандық кітапхана

Шара аясында «Ертіс Жаманбалиновты оқиды» акциясы қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ертіс аудандық орталық кітапханасында балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Жазушылар одағының мүшесі, Ертіс ауданының «Құрметті азаматы» Мүбарак Жаманбалиновтың шығармашылығын насихаттау  мақсатында ұйымдастырылған  «Ертіс Жаманбалиновты оқиды-2023» аудандық акциясының қорытындысы шығарылды. 

- Аталмыш жобамыздың демеушісі Жаманбалиновтар отбасы. Әр жыл сайын демеушілік қолдауымен  әдеби шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысуда. Осы орайда Жаманбалиновтар отбасына кітапхана атынан алғысымызды білдіреміз, - дейді Ертіс аудандық орталық кітапханасының директоры А.Баязова.

Шараның қорытындысында 1-орынға ие болған Еркеназдың анасы  Б.Баймаханова мұндай жобалар балаларды  әдебиетке баулып қана қоймай,  тіл байлығын дамытуына да оң әсер ететінін атап өтті. 

Айта кетелік, соңғы 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш акция оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болып үлгерген.