Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығы өтуде
Әлеуметтік қолдау айлығы 2023 жылғы 8 қазаннан 8 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың төрағалығымен мүмкіндігі шектеулі адамдармен және үкіметтік емес ұйымдармен кездесу өтті.
Шара барысында жарымжан адамдардың тыныс-тіршілігі және әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Мысалы, ақыл-ой кемістігі бар 18 жастан асқан адамдар үшін күндізгі бөлім орталықтарын құру, протездік-ортопедиялық бұйымдарды монетизациялау, спорттық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды сүйемелдеу бойынша ақы төлеу және басқа да мәселелер көтерілді.
Бүгінгі таңда мүгедектігі бар 15 мыңнан астам адам техникалық оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етілген.
«Қамқорлық» ҚҚ қолдауымен облыста аутизм спектрі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға күндізгі уақытта қызмет көрсетуге арналған облыстық балаларды оңалту орталығы құрылды. Мүгедектігі бар 103 спортшы жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының тізіміне кіреді.
Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі спортшылар 23 республикалық және төрт халықаралық жарыстарға қатысып, медальдардың жалпы қоржынын 26 алтын, 46 күміс, 34 қола медальмен толықтырды.
Кездесу қорытындысы бойынша мүгедектігі бар белсенді тұлғалар мен үкіметтік емес сектор өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.