Павлодар облысында мас күйде көлік басқарған жүргізушілер ұсталды
Өңір аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары ереже бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік материалдар толтырып, сотқа жолдады.
– Екібастұз қаласының Ломоносов көшесінде «Golf» автокөлігінің жүргізушісі есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны үшін ұсталған. Сонымен қатар республикалық маңызы бар Павлодар – Қызылорда автожолында «Mercedes Benz» маркалы көлікті алкогольдік масаң күйде жүргізген азамат анықталды. Құқық бұзушылардың көліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаевтың айтуынша, аталған фактілер бойынша полицейлер әкімшілік материалдар толтырып, шара қолдану үшін сотқа жолдады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік және түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Әсіресе, жылдамдықты асыру және мас күйде көлік басқару секілді өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда.
– Полиция жүргізушілерге жолдағы әрбір әрекет тек өз қауіпсіздігіне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне де әсер ететінін ескертеді. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі, – деді ол.
Айта кетелік, өңірде тек өткен демалыс күндері жүргізілген қадағалау жұмыстарының нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзған 677 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде сегіз жүргізушінің көлікті мас күйде басқарғаны дәлелденген.