Павлодар облысында мектептерге азық-түлікті қымбат сатпақ болғандар әшкере болды
Кейбір тауарлардың жоспарланған бағасы нарықтық құннан 30 пайыздан 238 пайызға дейін жоғары болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру ұйымдарының мемлекеттік сатып алуында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтеру әрекеттері дер кезінде анықталды. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Жоламан Қиналбеков мәлім етті.
– Біз мемлекеттік сатып алу порталындағы бағаларды нарықтық құнмен салыстырамыз. Егер баға шектен тыс жоғары болса, сауда және интеграция департаментіне хат жолдаймыз. Олар тексеру жүргізіп, мекемелер сатып алу бағасын қайта қарайды. Осылайша артық шығынның алдын аламыз, – деді ол.
Бағаның шектен тыс өсуі қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз, бірінші сорттағы ұн және жұмыртқа өнімдері бойынша тіркелген.
– Мысалы, қарақұмықтың бағасы 191 пайызға, бірінші сортты ұн – 238 пайызға, картоп – 78 пайызға, ал сәбіз 30 пайызға қымбаттатылып көрсетілген. Алайда сатып алу орындалмай тұрып анықталғандықтан, алдын алу шаралары ғана қолданылды, – дейді Жоламан Қиналбеков.
Сонымен қатар, департаменттің өз бастамасымен жүргізілген талдау барысында бес кәсіпкердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесін белгіленген шектен асырғаны анықталды. Осыған байланысты, аталған жеткізушілерге қатысты материалдар облыстық сауда және интеграция департаментіне жолданып, тексеру нәтижесінде олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Талдау нәтижесінде сатып алу бағалары қайта қаралып, мемлекеттік бюджеттен 10 миллион теңге үнемделген.
– Бұрын мұндай жағдайда ескерту жасалушы еді, ал биылдан бастап заң қатаңдатылды – ескертудің орнына бірден айыппұл салынады, – деді спикер.
Жоламан Қиналбеков атап өткендей, өңірде 2022 жылы құрылған облыстық комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды қадағалап келеді. Оның құрамына әкімдік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және білім басқармалары мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері кіреді.
Биыл комиссия мен департаменттің бірлескен жұмысы нәтижесінде 16 артық делдал анықталып, жойылған. Бұл өз кезегінде өңірде азық-түлік бағасының өсуін тежеген.
– Соңғы бұзушылық шілде айында анықталды. Бір кәсіпкер тауарды көтерме бағамен алып, 15 пайыздан жоғары үстеме қосып сатқан. Соның салдарынан 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді департамент өкілі.
Ол қазіргі уақытта облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайтынын атап өтіп, кәсіпкерлерді белгіленген сауда үстемесін қатаң сақтауға, адал баға саясатын ұстануға және жасанды тапшылық туғызбауға шақырды.