Павлодар облысында мыңға жуық шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған

Павлодар облысында мыңға жуық шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соның ішінде 80-нен астам мигрант елден шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында тұрақты түрде 12492 шетел азаматы тұрады. Олардың 2781-і алыс шетел мемлекеттерінен, ал 9711-і ТМД елдерінің азаматтары. Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірге 4425 шетел азаматы келіп, полиция органдарында уақытша тіркеуден өткен. Оның ішінде 697-сі алыс шетелден болса, 3728-і ТМД елдерінен келген. 

- Осы кезеңде 565 шетел азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Олардың 489-ы – этникалық қазақтар. Сонымен қатар, 6 ай ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 991 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 83 шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығару туралы шешім қабылданды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.

Бұдан бөлек,  өңірде заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 787 шетел азаматы, ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 78 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.

Полиция шетел азаматтарын қабылдайтын жұмыс берушілер мен азаматтарға көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Белгіленген нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.