Павлодар облысында миллиондаған қаржыны жымқыру фактілері әшкереленді

Павлодар облысында миллиондаған қаржыны жымқыру фактілері әшкереленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық прокуратура өңірдегі спорт нысандарын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Олардың қатарында стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждері бар. Спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені анықталды. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген. 

Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, ал коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген.

– Спорт мектептерінің қызметінде 10 миллион теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен алты миллион теңге аударған. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Спорт ұйымдарында жалған дипломдары бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған қызметкерлердің жұмыс істегені анықталды.

– Спортшыларды жоқ қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған шарттар жасалған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 2,8 миллион теңгені құрады, – делінген хабарламада.

Тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігінің тозған күйде екенін көрсетті: трибуналардың қирауы, шатырлардың ағуы, мүгедектігі бар адамдарға жағдайдың болмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеуі басты мәселелердің біріне айналған.

Аталған барлық заң бұзушылықтар бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілері енгізілді.