Павлодар облысында несие алуға ниетті жастардың бизнес-жобалары таныстырылды
Мұнда өз кәсібін бастауға ниетті жастарға 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
11 мамырында жастарға 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру үшін бизнес-жобаларды іріктеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда облыстың әртүрлі өңірлерінен үміткерлердің 20-дан астам өтінімдері қаралды.
- Микрокредиттерге үміткерлер жолаушылар тасымалы, азық-түлік дүкенін, киім дүкенін ашу және кеңейту, жылқы, ірі қара және ұсақ мал өсіру саласындағы бизнес-жоспарларын таныстырды, - делінген хабарламада.
Жалпы, ағымдағы жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген 35 жасқа дейінгі жастарға микрокредиттер беру көзделген. Несиелеу конкурстық негізде өтеді.
Биыл облыс бойынша 785 млн.теңге бөлінді. Бұл кем дегенде 157 адамды шағын несиелендірумен қамтуға мүмкіндік береді.
Кредиттер сенім білдірілген агент "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ арқылы берілетін болады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5%. Қарыз алушылар алатын ең жоғары сома – 5 млн.теңге. Несие алу кезінде міндетті кепілмен қамтамасыз ету қарастырылған.
Мал шаруашылығы саласындағы кредиттеу мерзімі 7 жылға дейін, басқа салалар үшін 5 жылға дейін беріледі.
Қағидаларда негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген. Ол микрокредиттеу мерзімінің ұзақтығының 1/3 аспайтын бөлігін құрайды.
Айта кетелік, кеңес алу және өтінім беру үшін Павлодар қаласындағы "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ филиалына Луговая көшесі, 16 мекенжайы бойынша жүгінуге болады.