Павлодар облысында оператор қателесіп, Саты ауылы интернетсіз қалды
Енді ол өз қателігін өз есебінен түзетуге мәжбүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Tele2 брендімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ғаламтор желісіне қосатын жабдықты Сатыдан алты шақырым жердегі көрші Абай ауылына орнатқан.
– Бұл оператордың өз кінәсі деуге болады, өйткені ол координаттарды қате анықтаған, құжатта анық жазылған: «Саты ауылы» екені. Сондықтан оның лицензиялық міндеттемелері орындалмаған болып есептеледі. Ауа райы қолайлы болса, жыл соңына дейін барлық жұмыстар аяқталады, – деді Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин .
Ол сондай-ақ 2025 жылдың жазындағы дауылды желді еске салды. Оның айтуынша, сол салдардың әсері әлі күнге дейін байланыс сапасына әсер етуде.
– Негізінен бұл жағдай Ақсу өңірін қамтыды. Қазір Евгеньевка ауылының тұрғындары күн сайын дерлік бізге хабарласып, байланыс жоқ екенін айтады. Себебі – антенна-мачталық жабдық істен шыққан. Онда Beeline-нің үш антеннасы және KCell мен Tele2-нің бір-бірден антеннасы орнатылған еді. Бірінші оператор өз антенналарын қалпына келтірді, ал қалған екеуін жөндеу мүмкін емес, – дейді Ағыбай Әмірин.
Қазіргі таңда мәдениет үйі мен ауылдық округ әкім аппараты сияқты биік ғимараттарға уақытша базалық станция орнату мәселесі қарастырылу үстінде.