Павлодар облысында персоналды басқару қызметінің мәртебесі көтерілді
Келесі жылы бірқатар талап енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Елімізде 2015 жылы мемлекеттік қызмет саласының заңдылығына ауқымды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, кадр қызметі персоналды басқару қызметі деп аталатын болды.
Жалпы, Павлодар облысының жергілікті атқарушы және өкілді органдарының штат саны 2653 адамды құрайды. ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Назымгүл Саденованың сөзінше, бүгінде облыстарда, қалаларда, аудандарда жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметтері құрылды. Барлық облысты осы бағытта қызмет ететін 50-ге жуық қызметші қалды.
– Президент 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне толыққанды стратегиялық HR институты болуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында агенттікке персоналды стратегиялық басқару функцияларын беруді, мемлекеттік органдардың кадр қызметтерін трансформациялауды, сондай-ақ қолданыстағы HR институттарын, оларды іске асыру процестері мен тетіктерін реинжинирингтеуді көздейтін тәсілдер пысықталуда,– деді ол.
Ең алдымен HR-процестерін басқару құралдары мемлекеттік қызметте қолданыстағы шектеулерді ескеруі және әлеуметтік кепілдіктермен және мемлекеттік қызметшілерді тиісті құқықтық қорғаумен теңгерімді үйлесуін қамтамасыз етуі керек.
– Осыған байланысты заңнамаға енгізілген толықтыруларға сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап персоналды басқару қызметінің басшысы үшін персоналды басқару жөніндегі сертификаттың немесе персоналды басқару саласындағы білімі туралы құжаттың болуы талап етіледі,– деп атап өтті Назымгүл Саденова.
Бұл ретте, мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтерінің әлеуетін, оның ішінде кадрлардың қажеттілігін талдау бойынша күшейту мақсатында Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының құрамында адам ресурстарын басқару институты (HR-институт) құрылды. Ол өз жұмысын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастады және бес бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: құзыреттерді бағалау, HR-аналитика, талант менеджмент, тестілеу және ақпараттық жүйені сүйемелдеу.
Сонымен қатар, персоналды басқару қызметтерін HR-сертификаттауды жүргізу үшін Академияның Мемлекеттік басқаруындағы персоналдың сәйкестігін тану орталығы тиісті функциялармен толықтырылып, мемлекеттік аккредиттеуден өтуде.