Павлодар облысында полицейлер балаларға жол ережелерін түсіндірді

Ағымдағы жылы өңірде балалардың қатысуымен жүзден астам жол апаты тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір аумағында «Көзге көрін» акциясы өтіп жатыр. Оның барысында жаяу жүргіншілерге жол ережелерін сақтау қажеттілігі мен балалардың шағылыстырғыш элементтерді қолдануының маңызы түсіндірілуде.
– Бүгінгі таңда бізді кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдатады. Биылғы жылдың сегіз айында облыс аумағында балалардың қатысуымен 182 апат тіркелді. Салдарынан кәмелетке толмаған төрт бала көз жұмып, 230 адам жарақат алды. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты біз ересек буынды жол қауіпсіздігі мәселелерінде белсенділік пен жауапкершілік танытуға шақырамыз. Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін барлық ресурсты пайдаланып, олардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыруға күш салуымыз қажет, – деді тәртіп сақшылары.
Мәселен, Май ауданында полицейлер «Норм немесе стрем» атты әлеуметтік сауалнама жүргізіп, оқушылардың жолды қалай дұрыс кесіп өтуді білетін-білмейтінін анықтады. Ал Павлодарда Оңтүстік полиция бөлімі қызметкерлері бірінші сынып оқушыларына жаяу жүргіншілер өткелі алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтар қойды. Дұрыс жауап берген балаларға сыйлық ретінде ойыншық полиция көліктері табысталды.
– Мен мектепке аман жеткім келеді, сондықтан анам үйреткендей жолды дұрыс кесіп өтемін. Жазда ата-анам бағдаршамның қай түсінде жүруге болатынын үйретті. Өтпес бұрын оңға және солға қарап, көлік тоқтағаннан кейін ғана жолды кесіп өту керек, – дейді бірінші сынып оқушысы Максим.
Ал екінші сынып оқушысы Маринаның айтуынша, әкесі оған аулада доп ойнағанда көлік алдына жүгірмеуді және құлаққапты міндетті түрде шешу керектігін ескерткен.
Балалардың қала жолдарында көзге анық көрінуі үшін оларға шағылыстырғыш білезіктер таратылды. Сонымен қатар, полицейлер оқушыларға жолдан дұрыс өтуге көмектесіп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндірді.
– Көптеген мектептерде сабақтар кешке аяқталады. Жақында таңертең де қараңғы бола бастайды. Сондықтан ата-аналар қосымша қауіпсіздік шараларын қарастыруы қажет, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Ведомствоның мәліметінше, жаяу жүргіншілер – қозғалысқа қатысушылардың ең қорғалмаған санаты. Статистикаға сәйкес, оқиғалардың басым бөлігі тәуліктің қараңғы уақытында тіркеледі. Бұған қоса, жаңбыр, тұман, көктайғақ сияқты қолайсыз ауа райы да әсер етеді. Ал жаяу жүргіншілердің сырт киімінде шағылыстырғыш элементтердің болмауы жағдайды одан әрі қиындатады.