Павлодарда құрақ құраудан әлемдік рекорд орнатқан қолөнершілер марапатталды

Павлодарда құрақ құраудан әлемдік рекорд орнатқан қолөнершілер марапатталды
Фото: Гульзия Искакова

Шеберлердің еңбегі Алматы төрінде жайылып, біртұтас рекордтық құрақтың құрамына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада республикалық «ALAMAN QURAQ» жобасына қатысқан павлодарлық қолөнер шеберлерін марапаттау рәсімі өтті. Оларға мадақтау қағазымен бірге гүл шоқтары табысталды. Аталған жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 680 шебер Алматыдағы әйгілі «Медеу» мұз айдыны алаңында құрақ көрпелерін жайып, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Бұл бірегей туынды Global Book of Records тізіміне енді.

Айта кетейік, жоба алғаш рет 2023 жылы Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілсе, 2024 жылы Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында жалғасын тапты. Сол жылы 450 шебердің қолынан шыққан 11 мың шаршы метр құрақ жайылған еді. 2025 жылғы үшінші аламан әлемдік рекордпен ерекшеленді. Ал келесі жылы ұйымдастырушылардың сөзінше, жобаны Өскемен қаласында өткізуді жоспарлап отыр.

Павлодар облысынан 43 қолөнер шебері қатысып, арнайы дайындалған құрақ көрпелерін республикалық аламанға қосты.  

Қатысушылардың ішінде әртүрлі буын өкілдері болды: ең кішкентай тігінші сегіз жастағы мектеп оқушысы болса, ал ең үлкені – 83 жастағы ардагер ұстаз. Бұл жоба өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің нақты дәлелі іспетті. 

Екібастұз тұрғыны Гүлзира Шаблина бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

– Әйел тек тұрмыс қамын күйттеп қоймай, ұлттық өнерді дәріптеуі тиіс. Біз 43 шебер бірігіп, 43 көрпе тіктік. Әр құрақ – еңбектің, ынтымақтың және қазақ өнеріне деген құрметтің белгісі. Бұл жобаның рухани мәні зор, – деді ол.

«ALAMAN QURAQ» жобасын республика көлемінде ұйымдастырушы – белгілі қолөнер жанашыры Нұргүл Абайханова. Оның айтуынша, жобаға қатысу үшін тігіншілер әлеуметтік желі арқылы тіркеліп, арнайы үлгі бойынша көрпе дайындаған. Әр облыс өзіндік түс пен өрнек таңдады. Павлодарлық шеберлер өз жұмыстарында «қызыл алма» бейнесін қолданды. Сонымен қатар, жерлестеріміз «алма жастықшаларын» да жасап, Медеу алаңында естелікке қалдырды.

– Биылғы аламан ерекше мәнге ие болды. Ол Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Құрақ көрпенің әрбір бөлігі халықтың бірлігін, бейбіт өмірді және болашаққа деген сенімді білдіреді, – деді Гүлзира Шаблина. 

Шараға қатысқан шеберлер, ұлттық өнердің өшпес құндылығын көрсетті, жас ұрпаққа үлгі боларлық еңбек танытты, қазақы дәстүрдің жаңа деңгейде дәріптелуіне үлес қосты. 

– Павлодарлық шеберлер үшін «ALAMAN QURAQ» тек ұлттық өнерді дәріптеу емес, сонымен бірге қоғамды бірлікке үндейтін маңызды мәдени жоба болды, – деді қатысушы. 

Гүлзира Шаблинаның айтуынша, «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді халық даналығы. Сол секілді, құрақ көрпені бірігіп тіккен аналар мен қыз-келіншектер өнердің ғана емес, елдің бірлігін де паш етті.