Павлодар облысында полиция 2000-ға жуық көлікті ұйымдасқан колоннамен алып жүрді

Павлодар облысында полиция 2000-ға жуық көлікті ұйымдасқан колоннамен алып жүрді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның ішінде 13 автобус бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, соңғы тәулікте Павлодар облысының автожолдарында ауа райының күрт нашарлауына, көрінудің нөлге дейін төмендеуіне байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, көліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылған болатын.

Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаевтың айтуынша, жолда қалған көліктерді колоннамен алып жүру 13 наруыз күні таңертең басталған.

- Бүгін таңертең барлық бағыттар бойынша полицейлер 1738 көлікті сүйемелдеді. Оның ішінде 860 жүк көлігі болса, 865-і жеңіл автокөлік. Ал қалған 13-і автобус болды. Колоннаға сапқа тұрғызу кезінде қызметкерлер жүргізушілерге ұйымдасқан топпен қозғалу тәртібін, белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтау қажеттігін түсіндірді. Полиция қызметкерлері төмен температура, қар мен боран жағдайында тәулік бойы қызмет атқарып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуде. Қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалған азаматтарды полиция қызметкерлері үйлеріне дейін жеткізді,- дейді ол. 

Командир ауа райы және жол жағдайының нашарлау кезеңінде жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысымен шектесетін өңірлерде автожолдарды бір мезгілде жабу туралы шешім қабылданғанын тілге тиек етті.

Әсіресе жолаушылар тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне және қалааралық трассаларға шығатын азаматтарға ерекше назар аударған. Жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау қағидаларын қатаң сақтау, ауа райындағы өзгерістер туралы ақпаратты қадағалау және жолдар жабылған жағдайда сапарға шықпау қажеттігі тұрғындарға сағат сайын ескертілуде.

Сонымен қатар, мамандар ауылдық елді мекен тұрғындарына қолайсыз ауа райы кезінде алыс қашықтыққа жаяу жүрмеуге кеңес береді. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «102» немесе «112» нөмірлері бойынша хабарласуды есте сақтау керек.