Павлодар облысында «Сапа белгісі» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Павлодар облысында «Сапа белгісі» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үздік қызмет көрсетуді мұрат еткен туризм саласының өкілдері өз мәртебесін ұлттық деңгейде айқындап, бизнесін жаңа белеске шығаруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бағдарламаға туризм саласындағы мекемелер, атап айтқанда, орналастыру орындары, туроператорлар және қоғамдық тамақтану орындары қатыса алады. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 6 ақпанына дейін жалғасады. «Сапа белгісі» ұлттық стандарттарға негізделген бағдарлама талаптарына сәйкес келетін туризм субъектілеріне берілетін болады.

– Мәртебелі белгіні иеленген туристік нысандарға келушілерге көрінетін жерге орналастыру үшін арнайы белгі табысталады. Сонымен қатар, «Сапа белгісін» алған ұйымдар «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ресурстарында өз қызметтері туралы ақпарат орналастыруға, маркетингтік және жарнамалық іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын жүйелі арттыруға мүмкіндік алады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары белгіленген үлгіге сәйкес қатысу өтінімін және қажетті құжаттар топтамасын product@qaztourism.kz электронды мекенжайына жіберуі тиіс. Құжаттар тізіміне құрылтай құжаттары, өрт қауіпсіздігі, санитарлық-гигиеналық және экологиялық нормаларға сәйкестікті растайтын анықтамалар кіреді.

Орналастыру орындары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген сәйкестік сертификаты, ал туроператорлар үшін туристік операторлық қызметке берілген лицензия қосымша талап етіледі. Сондай-ақ, өтінімге пікірлерді тіркеу журналы қоса берілуі керек.

Өтінім жібермес бұрын «Сапа белгісі» бағдарламасының толық ережелерімен және қойылатын талаптармен мұқият танысып шығу ұсынылады. Қосымша сұрақтар бойынша «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Туристік өнімдерді дамыту департаментінің бас менеджері Ақбота Дәуренге +7 707 024 48 02 телефоны арқылы хабарласуға болады.