Павлодар облысында сапасыз демалыс үшін тұтынушыға 200 мың теңге қайтарылды
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне демалыс базасы қызметінің тиісті деңгейде көрсетілмеуіне байланысты тұтынушы жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұтынушының айтуынша, ол 2026 жылғы 11-15 тамыз аралығында төрт адамға арналған нөмірді брондаған. Демалыстың жалпы құны 400 мың теңге болған. Оның 200 мың теңгесін алдын ала төлеп, қалған соманы қоныстану кезінде берген.
Алайда нөмірге орналасқаннан кейін бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, қосымша жатын орын жарнамада көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген. Осыған байланысты әкімшілік матрас ұсынған. Сонымен қатар, кондиционер дұрыс жұмыс істемей, оны басқаруға арналған пульт те істен шыққан.
Тұтынушы бұл мәселелерді әкімшілікке жеткізгенімен, кемшіліктер жойылмаған. Сол күні төсек зақымданып, тұтынушы демалысын жалғастырудан бас тартып, базадан кетіп қалған.
Кетер кезінде оған алдын ала төлеген 200 мың теңгесі қайтарылған. Ал қалған 200 мың теңгені қайтарудан бас тартқан.
Осыдан кейін тұтынушы өз құқықтарын қорғау үшін Департаментке жүгінген.
– Өтінішті қарау барысында мамандар екі тараптың қатысуымен тыңдау өткізіп, мәселені ерікті түрде реттеуге ықпал етті. Нәтижесінде тұтынушыға қалған 200 мың теңге толық қайтарылды, – деді департамент мамандары.
Ақша қайтарылып, бұзушылық ерікті түрде жойылғандықтан, өтінішті қарау тоқтатылды. Егер тараптар ортақ келісімге келмеген жағдайда, Департамент заңнамада белгіленген тәртіппен тексеру жүргізу мүмкіндігін қарастырған.
Департамент өкілдері тұтынушылардың сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда орындаушыдан кемшіліктерді жоюды, ақшаны қайтаруды немесе заңнамада көзделген өзге де талаптарды орындауды талап етуге құқылы екенін еске салды.
Тұтынушы құқықтары бұзылған жағдайда Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайы бойынша, E-otinish.gov.kz платформасы немесе E-tutynushy.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүгінуге болады. Сондай-ақ 8 (7182) 55-10-70 телефонына хабарласуға болады.