Павлодар облысында шетелдік жұмыс күші қалай тартылады?

Олар арнайы төрт санат бойынша бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырованың айтуынша, биыл өңірге 106 квота бөлінген. Бүгінгі таңда сол квота аясында 88 шетелдік маман еңбек етіп жүр.
Квоталар төрт санат бойынша бөлінеді: басшылар мен олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімше басшылары, мамандар және білікті жұмысшылар.
– Негізгі бөлігі үшінші санат бойынша, яғни маман ретінде келеді. Егер квота толық игерілмесе, біз себептерін түсіндіре отырып, салалық министрлікке хат жолдаймыз. Биыл комиссия отырысы өтіп, кәсіпорындардың өтінімдері қаралды. Онда шетелдік жұмысшыларды қандай мақсатта және қандай лауазымдарға тарту қажеттігі бойынша ұсыныстар мақұлданды, – деді Самал Қадырова.
1 қыркүйектен бастап шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Енді жұмыс беруші алдымен enbek.kz порталында бос жұмыс орнын жариялауы тиіс.
Келесі кезекте, 15 күн ішінде ол жергілікті тұрғындардың өтініштерін қарап, лайықты кандидат табылмаған жағдайда ғана шетелдік маманды тартуға рұқсат алады.
Жыл сайын қазанда басқарма келесі жылға өтінім қабылдаудың басталғаны жөнінде хабарлама таратады.
Жұмыс берушілер өз ұсыныстарын жолдайды, содан кейін облыстық комиссия отырысы өткізіліп, квотаға енгізілетін кәсіпорындар тізімі бекітіледі.
– Қазіргі уақытта біз 2026 жылға өтінімдерді жинап жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдар 1 қарашаға дейін жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, жинақталған ақпаратты ұсынуы керек. Бұл мәліметтер халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жолданады, – деп нақтылады басқарма басшысы Самал Қадырова.
Мамандар атап өткендей, квотамен тартылатын жұмысшылардан бөлек, еңбек көші-қоны да бар. Бұл – басқа елдердің азаматтарының Қазақстанға уақытша келіп жұмыс істеуі, сондай-ақ ел ішінде еңбек мақсатында көшу үрдісі.
Облыс бойынша еңбек иммигранттарын тартуға арналған квота биыл 1360 бірлікті құрайды.
Шетел азаматтары негізінен келесі мамандықтар бойынша жұмыс істей алады. Олар: ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласындағы қарапайым жұмысшылар.
Облыста шетелдік жұмыс күшін тарту үдерісі нақты квотаға және заңмен белгіленген тәртіпке сай жүзеге асырылады. Бұл жүйе өңірдің кадрлық қажеттілігін өтеуге, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың еңбек нарығындағы мүддесін қорғауға бағытталған.