Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендерге қанша қаражат бөлінді?
Аманаттықтар жиналып, мәселені ортаға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті, су тасқынынан зардап шеккен аудан әкімдері мен «AMANAT» партиясы және мәжіліс депутаттарының қатысуымен Ақтоғай, Успен, Ертіс және Железин аудандарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысы туралы кеңес өтті.
Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты Вера Кимнің мәліметінше, су тасқынынан 125 отбасы зардап шеккен. Ең көп зардап шеккен – Ертіс ауданынының тұрғындары. Нақтырақ айтқанда, Ақтоғай – 14, Аққулы – 2, Железин – 5, Май – 4, Ертіс – 37, Тереңкөл – 10, Павлодар – 9, Успен – 41, Шарбақты – 3.
Жалпы, су тасқыны басталғаннан бері облыс бойынша бір миллион текше метрден астам еріген қар суы сорылып, 700 тоннадан астам инертті материал төгілген. Облыста су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік нысан жоқ.
– Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген шығын көлемі 207,9 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде тұрғын үйді жөндеу-қалпына келтіруге – 97,9 миллион теңге, жаңа тұрғын үй алу және салуға 110 миллион теңгені қажет. Қалпына келтіруге келмейтін үйлердің саны – жетеу. Оның ішінде екі үй сатып алынды, тағы бес үйдің құрылысы күні кеше басталған, – деді Вера Ким.
71 отбасыға 38,3 миллион теңге сомасында тұрғын үйді жөндеу және қалпына келтіру қаражаты төленді. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданының тоғыз тұрғынына мүлікті жөндеу және қалпына келтіру бойынша шығындар өтелді, шығындар сомасы 47,9 миллион теңгені құрады.
Айта кету керек, жаңа үйлерді қалпына келтіруге және салуға барлық қаражат бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады.