Павлодар облысында су тасқынына қарсы іс-қимыл қолға алынды
21 наурызда Сілеті су қоймасының аумағында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары ТЖ департаменттерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу шеңберінде су тасқыны жағдайын мониторингілеу және ағымдағы гидрологиялық жағдайды бағалау мақсатында Сілеті өзені арнасының аумағына аэровизуалды ұшу жүргізілді. Ықтимал қауіпті учаскелерге, сондай-ақ өңірлер арасындағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге ерекше назар аударылды.
Ұшу қорытындысы бойынша мамандар өзен арнасының жай-күйін, мұз кептелістерінің пайда болуы мүмкін жерлерін және су деңгейінің өзгеру динамикасын бағалады. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін шараларын күшейту бойынша ұсыныстар әзірленді.
Мұндай іс-шараларды өткізу қызметтердің дайындық деңгейін арттыруға ықпал етеді және су тасқыны кезеңінде тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Естеріңізге сала кетейік, 18 наурызда Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылының ауданында мұз қабатын әлсірету үшін өзен арнасының тар үш учаскесінде жарылыс жұмыстары жүргізілген болатын. Жұмыстың жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрады. Мұз қабатын әлсірету үшін 126 килограмм жарылғыш зат қолданылды.
Өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.