Павлодар облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда
Ауылдарда тосқауыл бөгеттер салынып, арықтар қазу арқылы судың ағыны тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Асайын Байханов Железин мен Тереңкөл аудандарындағы су тасқыны жағдайын бақылап қайтты. Ол жергілікті жауапты мемлекеттік органдардың су тасқыны жағдайына дайындығын тексерді және су басу қаупін бағалады.
– Тереңкөл ауданында Ивановка, Алтай, Томарлы және Первомайск ауылдарын су басу қаупі бар. Су тасқынының алдын алу үшін еріген су сорылып шығарылуда, бөгеттер салынды және судың арнасын бұруға арналған арықтар қазылды. Бұл жұмыстарға барлығы 29 бірлік техника, 17 мотопомпа және 70-тен астам адам жұмылдырылды, – делінген хабарламада.
Железин ауданындағы Михайловка және Веселая роща ауылдарында судың арнасын арық қазу арқылы бұруда. Барлығы 6 жедел топ жұмыс істеуде, 60-тан астам техника бар.
– Соңғы күндері Тереңкөл ауданының Томарлы және Железин ауданының Веселая роща мен Михайловка ауылдарына даладан аққан еріген судың ағыны едәуір өсті. Оларды тосқауыл бөгеттер жасап, судың ағысын бұруға арналған арықтарды қазу арқылы тоқтату мүмкін болды. Бұл ауылдардағы үйлерді су басу қаупі жойылды, бірақ, жұмыстар тәуекелдер толықтай жойылғанға дейін жалғасатын болады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Су басу қаупі бар әрбір ауылда су тасқынына қарсы қажетті жұмыстар жүргізілуде, жауапты қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылады.
– Өңірде су тасқынына қарсы барлық іс-шаралар тәулік бойы жүргізілуде. Әр күннің қорытындысы бойынша облыстық жедел штабпен әкімдердің есептері қабылданады және елді мекендерді су басу қаупі толық жойылғанға дейін жүргізілетін алдағы жұмыс жоспарлары қалыптастырылады, – деді облыс әкімі.
Асайын Байханов әкімдерге үйлерді су басуға жол бермеуді және жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауды тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram