Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша өтемақы беріледі

Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша өтемақы беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталмыш көмек тек төтенше жағдай режимі жарияланған ауыл тұрғындарына беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлық өтінімдері толық көлемде өтелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев мәлім етті.

– Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жүргізілді. Мәслихаттың шешімімен төлем көлемі бекітілген болатын. Ал кеше ғана су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеуге қосымша 150 АЕК мөлшерінде өтемақы беру туралы ережелер қабылданды. Бұл тек төтенше жағдай жарияланған аумақтар үшін қарастырылады. Яғни, қосымша өтемақы бірінші кезекте қажетті заттарды алу үшін беріледі,– деді Дидар Ибраев.

Оның сөзінше, жалпы аймақта тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Қазіргі таңда жағдай – тұрақты. Демеушілік қаражат есебінен 98 миллион теңгеге 120 отбасы өтемақы алды. Минималды өтемақы сомасы 70 мың теңге шағын түрде зиян келтірілген отбасыларға берілді, ал максималды 6 миллион теңге төтенше жағдай жарияланған ауылдардың тұрғындарына берілді. Әр ауданда комиссия құрылған еді. Сондықтан да әр жағдай жеке қарастырылды. 

– Өңірде қалпына келтіруге келмейтін жеті үй тіркелді. Оның ішінде Шарбақты ауданының Красиловка ауылы мен Тереңкөл ауданының Томарлы ауылында тұратын екі отбасыға сол елді мекенде басқа тұрғын үй сатып алынды. Ал, қалған бес отбасы үшін 110 миллион теңгеге жаңа үйлердің құрылысы басталды. Бір үй шамамен 22 миллион теңге тұрады. Жұмыстар үш айда аяқталады деп жоспарлануда,– деп атап өтті ол.

Облыс әкімдігі аталған көмекпен шектелмей, әрі қарай су тасқынынан зардап шеккен барлық елді мекендерді анықтау жұмыстарын жалғастырады.