Павлодар облысында судағы қауіпсіздік маусымы қорытындыланды

Павлодар облысында судағы қауіпсіздік маусымы қорытындыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаз бойы құтқарушылар ондаған адамның өмірін сақтап қалды, алайда су айдындарында қайғылы жағдайлар да тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті 2026 жылғы шомылу маусымының қорытындысын шығарды. Жазғы кезеңде өңірдің су айдындарында 59 адам құтқарылды. Олардың 15-і – кәмелетке толмағандар.

Құтқару жағдайларының басым бөлігі Баянауыл ауданында тіркелді. Мұнда 44 адамға көмек көрсетілген, олардың 13-і – балалар.

Сонымен қатар шомылу маусымында облыстың су айдындарында 16 адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың екеуі – кәмелетке толмағандар.

– Оқиғаларды талдау көрсеткендей, негізгі қауіп факторлары – жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, өз күштері мен жүзу дағдыларын асыра бағалау, балаларды қараусыз қалдыру, сондай-ақ шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, – деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД.

Биыл облыста су маңындағы 45 ресми демалыс орны жұмыс істеді. Оның 29-ы коммуналдық, 16-сы жекеменшік. Балалардың қауіпсіз демалысы үшін жеті арнайы аймақ жабдықталды.

Шомылу маусымында 10 432 бала жүзуге үйретілді. Былтыр бұл көрсеткіш 6100 болған. Осылайша, бір жылда жүзу дағдыларын меңгерген балалар саны төрт мыңнан астамға артты.

Қауіпті учаскелерде 496 ескерту және тыйым салу белгісі мен 18 ақпараттық баннер орнатылды. Оның ішінде 45 белгіге қауіпті жерлер туралы ақпарат беретін QR-кодтар орналастырылды. Павлодар мен Ақсуда шомылуға тыйым салынған 43 орын 2GIS платформасына енгізілді.

Маусым бойы рейдтер күндіз ғана емес, кешкі және түнгі уақытта да жүргізілді. Нәтижесінде 182 әкімшілік айыппұл салынып, 161 ескерту жасалды. Ертістің Павлодардағы жағалауы мен Жасыбай көліндегі жағдай бейнекамералар арқылы да бақыланды.

Шомылу маусымы аяқталғанымен, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жалғасады. Күзде құтқарушылар балықшылар мен шағын көлемді кемелерді пайдаланушыларға назар аударады. Мұз қатқан кезде профилактикалық жұмыстар жұқа және толық қатпаған мұзға шығудың алдын алуға бағытталады.