Павлодар облысында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары белгіленді

Павлодар облысында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу шаралары белгіленді
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

ТЖД, әкімдіктер және жағажай иелері шомылу маусымына дайындықты талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Zoom» платформасында бейнеконференция форматында дөңгелек үстел өткізді.

Кездесу барысында шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, коммуналдық және жекеменшік жағажайлардың дайындығы, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау және қоғамдық құтқарушылардың кезекшілігін ұйымдастыру мәселелері қаралды.

– Жағажайларды құтқару бекеттерімен, қажетті құралдармен, ақпараттық стендтермен және балаларға арналған арнайы шомылу аймақтарымен жабдықтауға ерекше назар аударылды, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ мамандар су айдындарының түбін тексеру және тазарту, буйлар орнату, тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелерін талқылады.

ТЖД қызметкерлері судағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптарын еске салып, оларды бұзғаны үшін қарастырылған әкімшілік жауапкершілік шаралары туралы ақпарат берді. Жағажай иелеріне демалушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылауды күшейту және құтқару қызметтерінің тұрақты дайындығын қамтамасыз ету ұсынылды.

Дөңгелек үстел қорытындысында жазғы демалыс кезеңінде су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспары белгіленді.