Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы акция қорытындыланды
Акция аясында тұрғындарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған ондаған іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
18 мамыр мен 8 маусым аралығында өткен «Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз» республикалық акциясына полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Негізгі мақсат – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Акция барысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп кездесулер, дөңгелек үстелдер және ашық қабылдаулар өткізді. Тұрғындар заңгерлерден, психологтардан және полиция қызметкерлерінен кеңес алып, көмек алу тетіктері туралы ақпаратқа қол жеткізді.
– Акцияның аяқталуы бұл бағыттағы жұмыстың тоқтағанын білдірмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессияға мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасады, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Акцияның қорытынды шарасы ретінде Павлодардағы Достық үйінің алдында ауқымды флешмоб ұйымдастырылды. Оған полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, Аналар кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының белсенділері мен мектеп оқушылары қатысты.
Ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарды үнсіз қалмауға шақырды. Мұндай жағдайда «102» нөміріне немесе сенім телефондарына хабарласу адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.