Павлодар облысында тоқсан екі шақырым инженерлік желі қайта жаңғыртылады
Үкіметте энергетикалық және коммуналдық жобаларды жүзеге асыру қарқыны бәсең өңірлердің әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрболат Айдапкелов «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Премьер-министр республикалық бюджетке қосымша жүктеме түсірмей, ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін ұлттық жоба тетіктерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
— Баяндамаларда қаржыландыруды алу рәсімдерін созып жіберген өңірлер аталды. Ұлттық жоба республикалық бюджет қаражатынсыз жүзеге асырылып жатыр. Осыған баса назар аударамын. Сондықтан онда көзделген «ұзақмерзімді әрі қолжетімді» қаржы құралдарын белсенді пайдалану қажет. Жалпы алғанда, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында оң серпін қалыптасып отыр. Олардың қатарында Атырау, Жетісу, Қарағанды және Павлодар облыстарын атап өтуге болады.Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқыны бәсең өңірлер де бар, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі таңда «Бәйтерек» арқылы жалпы құны 625 миллиард теңгені құрайтын 318 жоба қаржыландырылды. Өңірлер арасында жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша Атырау, Павлодар, Қарағанды және Жетісу облыстарында оң серпін байқалады.
Жиында Алматы, Павлодар, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының әкімдері баяндама жасады.
— Барлық өңірлер туындайтын мәселелерді жедел шешіп, Ұлттық жобада көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет, —деді Премьер-министр.
Үкімет отырысында өңір әкімі Асайын Байханов Павлодар облысында 90 шақырымнан астам жылу және электрмен жабдықтау желілеріне реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
— Биыл Павлодар облысында жалпы ұзындығы 92 шақырым болатын жылу және электр желілерін жаңартуға 22 млрд теңгеге 16 жоба жүзеге асырылуда. Жұмыстар кестеге сәйкес уақтылы аяқталады, — деді аймақ басшысы.
2027 жылы 352 шақырымдық әрі құны 104 миллиард теңге тұратын 38 жобаны жүзеге асыру көзделгені атап өтілді. Бұл жұмыстың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі – 2%-ға, электрлік желілер – 2,6%-ға, сумен жабдықтау – 0,4%-ға төмендейді.