Павлодар облысында тұмауға қарсы екпе науқаны 5 қазанда басталады
Мамандар қазан айын екпе алуға қолайлы кезең деп санайды. Себебі ағза маусымдық ауру таралғанға дейін иммундық қорғаныс қалыптастырып үлгеруі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
– Бұған дейін вакцина салу науқаны 15 қыркүйекте басталады деп хабарланған. Алайда «СК-Фармация» ЖШС тарапынан өңірлерге екпе жеткізудің уақыты кешігуіне байланысты мерзімі кейінге шегерілді, – деп түсіндірді мекемеде.
Павлодар облысына жақын арада «Гриппол» вакцинасының алғашқы 20 мың дозасы жеткізіледі. Жыл соңына дейін тағы 60 мың доза әкелінеді.
Тегін вакцинацияны бірінші кезекте ауру жұқтыру қаупі жоғары топқа жататын азаматтар алады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелердегі қызметкерлер мен онда тұратын адамдар бар. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар да вакцина ала алады.
Вакцина салдыру тұмаумен ауырмауға толық кепілдік бермейді. Дегенмен екпе аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін азайтады.