Павлодар облысында төрт елді мекенде электр қуаты қалпына келтірілуде
Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақындап қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 8 ақпаннан 9 ақпанға қараған түні ауа райының қолайсыздығына байланысты екпіні секундына 28 метрді құрайтын дауылды желдің салдарынан өңірдегі 38 ауылдық елді мекенде электр энергиясының ішінара өшуі тіркелді.
– Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары облыстың 3 ауданындағы 4 ауылдық елді мекенде жалғасуда: Баянауыл ауданының Сұлужон, Қойтас ауылдарында, Ертіс ауданының Степное ауылында және Шарбақты ауданының Сынтас ауылында, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, орын алған авариялық ақауларды жоюмен 47 авариялық бригада айналысуда. Жұмыстарға 137 адам және 46 бірлік техника жұмылдырылды.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.