Павлодар облысында вейптерді заңсыз әкелген азаматқа үкім шықты

Павлодар облысында вейптерді заңсыз әкелген азаматқа үкім шықты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол электрондық тұтыну жүйелерін Ресей аумағында сатып алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Успен аудандық соты Қазақстан аумағына электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз әкелді деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта анықталғандай, 2026 жылдың сәуірінде ер адам Ресей аумағында Қазақстанға заңсыз әкелу мақсатында түрлі маркадағы 60 электрондық тұтыну жүйесін сатып алған. Вейптердің бір бөлігін қол жүгіне, қалғанын автокөліктің жолаушылар орындығының астына жасырған.

Мемлекеттік шекараны «Қосақ» өткізу пункті арқылы кесіп өту кезінде шекаралық бақылау барысында заңсыз әкелінген электрондық тұтыну жүйелері анықталып, тәркіленді.

Сот отырысында азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен расталды.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындағанын, шын жүректен өкінгенін, ауырлататын мән-жайлардың болмағанын және бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын ескерді.

Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 200 АЕК, яғни 865 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, тәркіленген 60 электрондық тұтыну жүйесін жою туралы қаулы шығарылды.

Сот үкімі заңды күшіне еніп, орындалды.