Павлодар облысында WhatsApp чатына орынсыз видео жіберген ауыл тұрғыны анықталды
Аталған фактіге қатысты психологиялық-криминалистикалық сараптама тағайындалды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Stop трафик» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды.
– Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында 200 пайдаланушыдан тұратын WhatsApp мессенджер тобында порнографиялық мазмұндағы бейнематериалды жариялау фактісі анықталды. Жедел уәкілдер мұндай бейнелерді таратқан 1964 жылы туған ауыл тұрғынын анықтады. Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 311-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Психологиялық-криминалистикалық сараптама тағайындалды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары адамдарды ұрлау және мәжбүрлі еңбек етуге пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру фактілерін анықтау үшін монша кешендерін, сауналарды, қонақ үйлерді, жалдамалы пәтерлерді, шаруа және фермер қожалықтарын, ауыл шаруашылығы алқаптары мен құрылыс объектілерін тексерді.
Нәтижесінде ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 23 тұлға анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды.