Павлодар облысында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасы әшкереленді

Павлодар облысында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасы әшкереленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мемлекетке келген залал 200 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған тұлғалар тобына қатысты тергеу жүргізуде.

Белгілі болғандай, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы кәсіби мүмкіндіктерін пайдаланып, электрондық цифрлық қолтаңбаларына қолжетімділігі бар кәсіпкерлерге қызмет көрсететін бухгалтер туысын тартқан.

Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз қолдана отырып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар мен еңбек қатынастары ресми рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған.

Сондай-ақ бірнеше таныс азамат тартылып, олардың міндетіне жүкті әйелдерді тауып, рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген.

Осылайша ұсынылған жалған деректер арқылы уәкілетті органдарда жәрдемақылар заңсыз тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген.

– Тергеу нәтижесінде 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге алты миллион теңгеге дейін асыра есептелген жәрдемақылар төленгені анықталды. Мемлекетке келген залал 200 миллион теңгеден асты, – деді департаментте. 

Сот санкциясымен күдіктілердің үш автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.