Павлодар облысында жүз атыс қаруы тәркіленді

Павлодар облысында жүз атыс қаруы тәркіленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде қару айналымына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды анықтау және тәркілеу мақсатында «Қару» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері қару иелерінің оны сақтау және пайдалану талаптарын сақтауына тексеру жүргізуде. Жедел-профилактикалық шараның тоғыз күні ішінде қару айналымы қағидаларын бұзғаны үшін жүз бірлік атыс қаруы тәркіленді.

Анықталған заң бұзушылықтардың ішінде 41 дерек азаматтық және қызметтік қару айналымы талаптарын сақтамауға қатысты болса, 24 жағдайда қаруды тіркеу, қайта тіркеу және есепке қою тәртібі бұзылған.

Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, тексеру барысында қаруды сақтау талаптарын бұзу фактілері де анықталған.

– Мәселен, Тереңкөл ауданының Қызылдау ауылында полиция қызметкерлері қаруды тиісінше сақтамау дерегін анықтады. Қару иесі сейфтің кілтін бөгде адамдар қол жеткізе алатын жерде сақтаған. Осы факті бойынша азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Азамат Күркебаев.

Полиция департаменті қару иелеріне белгіленген талаптарды қатаң сақтауды ескертеді. Қаруды сақтау ережелерін бұзу тек құқықтық жауапкершілікке ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіруі мүмкін.

«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қарудың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында жалғасуда.