Павлодар облысында жаңа өндірістер ашылып, мыңнан астам жұмыс орны құрылады
Өңір экономикасына 2026 жылдың басынан бері шамамен 516 миллиард теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға көп. Инвестицияның басым бөлігі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр.
Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тюлюбаевтың айтуынша, тартылған инвестицияның 82,6 пайызы немесе 426,7 млрд теңгесі кәсіпорындардың меншікті қаражатына тиесілі.
– Биыл өңірдің инвестициялық портфеліне жалпы құны 123,2 млрд теңгеден асатын үш ірі жоба енгізілген. Жобалардың барлығы өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған, – деді ол.
Солардың бірі – Екібастұз қаласында салынатын соғу-бандаж кешені. «Railcast Systems» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаға 107 миллиард теңге инвестиция салынуда. Кешенде локомотивтер мен теміржол техникасына қажетті соғу-бандаж өнімдерін өндіру жоспарланған. Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі теміржол машина жасау бағытын дамытуға және жаңа өндірістік қуат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 535 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталмақ. Бұған дейінгі ресми мәліметтерде Ресей нарығына шығару жоспарланғаны айтылған.
Сонымен қатар, Екібастұздың ауылдық аймағындағы Әлкей Марғұлан атындағы ауыл маңында катодты мыс өндіретін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын жылына бес мың тоннаға дейін жоғары сапалы катодты мыс өндіруге қауқарлы. Зауытта жергілікті мыс кені өңделіп, дайын өнім алынады. Кәсіпорынның іске қосылуымен 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өндірісте гидрометаллургиялық технология қолданылып, ол металды тиімді алумен қатар, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Компания өкілдерінің мәліметінше, зауытта тазалығы 99,99 пайыз болатын М00К маркалы катодты мыс өндіріледі. Өнім Қытай мен Еуропа нарығына экспортталады.
Ал Май ауданында жылына 300 мың тонна мыс кенін өңдейтін байыту фабрикасы салынады. Жоба бойынша алдымен Көктас кен орнынан алынған кен ұсақталып, сұрыпталады. Кейін ол ұнтақталып, флотация әдісі арқылы мыс концентраты бөлініп алынады. Дайын мыс концентраты қоюланып, сүзгіден өткізіледі. Кәсіпорын іске қосылған соң 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жауапты басқарманың мәліметінше, аталған жобалардың әрқайсысы бойынша нысандарды пайдалануға беру мерзімдері жеке белгіленген.