Павлодар облысында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Павлодар облысында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Нысан бірнеше ауылдағы 1,5 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Тереңкөл ауданының Қоржынкөл ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының жаңғыртылған бекеті ашылды.

Жаңа бекет екі ауылдық округ аумағындағы Қоржынкөл, Жаңа-құрылыс, Покровка, Тегістік, Әулиеағаш және Аққайың ауылдарына қызмет көрсетеді. Бұл елді мекендерде 1600-ден астам тұрғын тұрады.

Бекет ғимараты жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен қайта жабдықталған. Қызметкерлер үшін диспетчерлік, демалыс және тамақтану бөлмелері, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған. Ғимарат қажетті жиһаз, тұрмыстық техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Нысан орталық жылыту және сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, аумағына сыртқы жарықтандыру орнатылған. Бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасы, арнайы киім-кешек пен байланыс құралдары берілді.

– Жаңа бекеттің ашылуы өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартып, төтенше жағдайларға ден қою жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министрлікте.

Ашылу салтанатына Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев пен Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Ерғабылов қатысты.

Іс-шара барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға дайындықты арттыруға үлес қосқан аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері марапатталды.

Қоржынкөлдегі бөлімше Қазақстанда ашылған 265-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы болды.