Павлодар облысында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Нысан 200-ден астам тұрғыны бар елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында ашылған бекет – Қазақстан бойынша ашылған 310-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы. Бір қабатты ғимаратта диспетчерлік, тынығу және тамақтану бөлмелері, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық орынжайлар қарастырылған. Ғимарат орталықтандырылған сумен қамтылған, ал жылыту жүйесі қатты отынмен жұмыс істейді.


Жаңа бекетке Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы бөлінді. Сонымен қатар жеке құрам жауынгерлік киіммен және байланыс құралдарымен толық жабдықталды.

Іс-шара соңында құралымды ұйымдастыруға ерекше үлес қосқан қатысушылар Павлодар облысы ТЖД бастығының атынан марапатталды.