Павлодар облысында жасөспірімдерді «оңай ақша» ұсынатын схемалардан сақтандырды
Полицейлер күмәнді ұсыныстың артында алаяқтық немесе қылмыс жатуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ертіс ауданында жасөспірімдермен профилактикалық кездесу өтті. Әңгіме интернеттегі және күнделікті өмірдегі қауіптер туралы болды.
Кездесуде интернет-алаяқтыққа ерекше назар аударылды. Жастарға банк картасының деректерін, парольдерді және SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамдарға бермеу керектігі түсіндірілді. Бұл ереже қоңырау шалушы өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған жағдайда да сақталуы керек.
– Егер сізді асықтырып, қорқытып немесе шұғыл түрде ақша аударуды талап етсе, тоқтап, ақпаратты мұқият тексеріңіз. Банктің нағыз қызметкері SMS-кодты немесе парольді сұрамайды, – деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Қуат Сәрсембаев.
Тағы бір қауіп – дропперлік. Жасөспірімдерге ақша үшін өз атына банк картасын рәсімдеу, оның деректерін басқа адамға беру немесе бөтен қаражатты аудару ұсынылуы мүмкін.
– Сізге «картаңды ғана бер, ақша аласың» деуі мүмкін. Бірақ шотыңыз арқылы жүргізілген операцияларға өзіңіз жауап бересіз. Мұндай заңсыз схемаларға өзіңізді пайдалануға жол бермеңіз, – деді полиция қызметкері.
Полицейлер есірткіге байланысты ұсыныстардан да бас тартуға шақырды. Ақша үшін есірткі жасырылған жерден затты алып кету, тасымалдау немесе басқа адамға жеткізу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
– Сізден кім сұрағаны және қанша ақша ұсынғаны маңызды емес. Мұндай әрекеттерге қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, – деді Қуат Сәрсембаев.
Кездесуде құмар ойындар мен онлайн бәс тігуге тәуелділік мәселесі де қозғалды. Жасөспірімдерге оңай ұтысқа ұмтылудың соңы қарыз бен қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін екені айтылды.
Полицейлер күмәнді ұсыныс түскен жағдайда асығыс шешім қабылдамауға кеңес берді. Жасөспірімдерге мұндай жағдай туралы ата-анасына, педагогке немесе полиция қызметкеріне хабарлау ұсынылды.