Павлодар облысында жас құтқарушылар практикалық даярлықтан өтті
Қызметкерлер арнайы техникамен жұмыс істеп, зардап шеккендерді құтқару және түтін басқан ортада әрекет ету дағдыларын пысықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, практикалық сабақ ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясының Оқу орталығында бастапқы кәсіптік даярлықтан өткен қызметкерлер үшін ұйымдастырылды. Жаттығуға тәжірибелі мамандар мен тәлімгерлер де қатысты.

Жас қызметкерлер арнайы өрт-құтқару техникасы мен жабдықтарын қолдануды үйренді. Олар қол өрт сатысын орнатып, жеңдік желі және өрт оқпанымен көтерілу жаттығуын орындады.

– Сабақтардың негізгі мақсаты – теориялық білімді практика жүзінде бекіту, арнайы өрт-құтқару техникасымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру және жас қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығын арттыру, – деді ведомствода.

Практикалық бөлімде зардап шеккен адамды құтқару арқанының көмегімен түсіру және өзін-өзі құтқару тәсілдері пысықталды. Қызметкерлер Г-600 гидроэлеваторымен су көзінен су алып, арнайы құралдармен есік ашуды үйренді.

Сондай-ақ құтқарушылар тыныс алу аппараттарын пайдаланып, түтін басқан ортада жұмыс істеу бойынша жаттығулар орындады.
ТЖД-да мұндай сабақтар тұрақты түрде өткізіледі. Даярлық кезінде жас қызметкерлерге тәжірибелі әріптестердің тәжірибесін беру мен тәлімгерлікке ерекше көңіл бөлінеді.