Павлодар облысында жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге бақылау күшейтілді
Полицейлер үш күн бойы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректеріне ерекше назар аударады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 14-16 қыркүйек аралығында өңірде республикалық «Назар – жаяу жүргіншіге» акциясы өтіп жатыр.
Акция барысында тәртіп сақшылары жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін және бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамайтын жаяу жүргіншілерді анықтайды.
Жүргізушілер тарапынан жасалатын заң бұзушылықтар да бақылауға алынады. Әсіресе жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілеріне назар аударылады.
Іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға және адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.