Павлодар облысында жеке куәлікті онлайн алудың реті қандай?

Бір жарым ай ішінде тек бір адам ғана куәлігін басқа тәсілмен жаңартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2025 жылдың мамыр айынан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызметі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Аталған қызмет жеке куәліктің қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты онлайн форматта eGov электронды үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы рәсімделеді.
Қызмет жеке куәліктің қолданылу мерзімінің аяқталуына 30 және одан аз күнтізбелік күн қалса немесе жеке куәліктің қолданылу мерзімі 10 күнтізбелік күннен аспайтын болса, онлайн режимінде көрсетіледі.
Жаңашылдық азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және процесті оңтайландыруға бағытталған.
Ол үшін eGov порталында авторизациядан өтіп «Онлайн сұратым» батырмасын басу керек. Қағидаларға сәйкес өтінішті толтырып, фотосурет пен қолтаңба үлгісін тіркеп, оған ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы қол қою қажет. Тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеудің болуы, атын және туған күнін толық өзгертпеу керек. Ал өтініш берушінің тұрақты тіркеуі болмаса, сондай-ақ аты-жөні мен туған күні өзгерген жағдайда ҰАО МК-ға хабарласуы тиіс.
Кейін жеке кабинетте «Алынған қызметтердің тарихы» бөлімінде көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін өтінішіңізді өңдеу туралы хабарлама шығады.
Жеке куәлікті алу құны – 0,2 АЕК, яғни 786,4 теңге. Ал куәлікті тезірек алғысы келетіндер үстінен ақша қосып, құжатты белгіленген 15 күнге дейін ала алады.
Айта кетейік жеке куәлікке уақтылы жүгінбеген жағдайда айыппұл 7 АЕК-ті құрайды. Мысалы, 1-санатты жеделдік - 3011,12 теңге, 2-санатты жеделдік - 1581,14 теңге, 3-санат - 605,31 теңге төлеуге болады.
Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, бұл оқиға – жас азаматымыздың өміріндегі жаңа кезең ғана емес, сонымен қатар бүкіл мемлекеттік қызметтер жүйесінің сапалы жаңа деңгейге өтуінің белгісі.
Өңірде жеке куәлікті онлайн рәсімдеген алғашқы павлодарлық Әсет Ануарбеков болды. Ол заманауи электронды сервистердің көмегімен куәлігін ауыстырды.
– Мен зауытта жұмыс істеймін, күнделікті өмірде жеке істерге уақыт табу өте қиын. Кезекте тұру, ХҚКО-ға бару – мұның бәрі уақытты талап етеді. Сондықтан мен eGov және mGov қосымшалары арқылы электронды қызметті пайдаландым және өте риза болдым.
Ер адамның сөзінше, куәлікті алу өте аз уақыт алды.
– Идентификациядан өтіп, фотоға түсіп, қол қойдым – мұның бәрі телефон арқылы жүзеге асты. Кезексіз, артық әуресіз, жылдам, ыңғайлы әрі заманауи. Құжатым электронды форматта рәсімделіп, берілгеніне қуаныштымын. Бұл менің уақытымды үнемдеп қана қоймай, Қазақстанның заман ағымымен бірге дамып, азаматтарына қамқорлықпен қарайтынын көрсетті, – деді Әсет. – Онлайн-сервис арқылы жеке куәлікті алғашқылардың бірі болып алғаныма ерекше мақтанамын. Осындай мүмкіндік үшін, өмірімізді жеңілдететін цифрлық шешімдер үшін алғыс айтамын.
Бүгінгі күнге дейін онлайн куәлік алу үшін 14 өтінім берілді. Тек бір куәлік дайындалды.