Павлодар облысында Жеңіс күнінде берілетін біржолғы төлемді кімдер алатыны белгілі болды
Сонымен қатар, мұндай төлем Отан қорғаушылар күні қарсаңында да бірқатар азаматқа беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәлімдеуінше, 9 мамырда бір реттік төлемге оннан астам санаттағы павлодарлықтар қол жеткізе алады.
- Биыл Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем төленетін болады, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 150 мың теңге көлеміндегі бірреттік төлемді:
- Чернобыль атом электр станциясында болған апат салдарын жоюға қатысушылар мен мүгедектер;
- Осы апатты жою барысында қайтыс болған қатысушылардың отбасы,
- Ауғанстандағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылар,
- Бұрынғы КСР Одағын қорғау барысында, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе басқа әскери қызметті атқару барысында жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;
- Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысқа қатысқан әскери қызметшілер;
- Ауғанстандағы немесе басқа мемлекеттерде жүргізілген әскери қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауыруы салдарынан қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің отбасылары алады.
Сонымен қатар, Жеңіс күніне орай 100 мың теңге көлеміндегі бір реттік төлемге:
- Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдама құрамаларының адамдары, яки сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есептелген қалаларда болған адамдар ие болады.
Ал 60 мың теңге:
- қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері және ҰОС кезінде қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) әскери қызметшілердің, партизандардың, жер асты жұмысшыларының қайта некеге тұрмаған жұбайлары;
- Қоршаудағы Ленинград тұрғындары;
- концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына беріледі;
30 мың теңге:
- ҰОС жылдарында тылда еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне төленеді;
Ал 7 мамыр Отан қорғаушылар күнінде бейбіт уақытта қызметін өткеру кезінде қаза тапқан отбасыларға, әскери қызметшілерге, Тәжік-Ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауды күшейтуге қатысқан әскери қызметшілерге және Ирактағы бітімгершілік операциясының әскери қызметшілеріне 150 мың теңге мөлшерінде бірреттік төлем беріледі.