Павлодар облысында жылқыларды құжаттарсыз тасымалдаған жүргізуші ұсталды
Полиция барлық мал иелеріне ауылшаруашылық жануарларын жаю ережелерін қатаң сақтау туралы ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Атамекен - Ертіс - Русская поляна автожолының 105 шақырымында екі бас жылқыны тиісті құжаттарсыз тасымалдаған тіркемесі бар «LADA Niva» маркалы көлікті тоқтатқан.
– Жүргізуші мен көлік құралы Ақтоғай ауданының учаскелік полиция бөліміне жіберілді. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 406-бабы – «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін ветеринарияға жіберілді, – деді департаментте.
Ведомство ротасының инспекторлары өткен тәуліктің өзінде автожолдарда бақылаусыз жүрген сегіз малды анықтады. Барлық фактілер тіркеліп, мал иелері белгілі болды және ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, полицейлер жолдардағы апаттары мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында облыс аумағында үнемі патрульдеу жүргізеді. Бақылаусыз жайылып жүрген мал облыста 146 айып тұрағына орналастырылады. Ол жерлерге жыл басынан бері 17370 бас мал қамалған. Аталған фактілер бойынша 1470 мал басының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.